Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  123


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Дүние, қудым сені...

Дүние, тумай жатып қудым сені,
Қызарып көкжиектің күлгін шегі.
Бекінген берекемді бұзар болды-ау
Базардың бақылаусыз дүңгіршегі.
Дүние, қудым сені бір жасымнан,
Дәметіп сыбағамды тұл ғасырдан.
Құдайдай сенген еркек алдап соқты,
Жақсылық көрдім талай ұрғашыңнан.
Дүние, қудым сені екі жастан,
Дананың қолын ұстап еті қашқан.
Жасына пайғамбардың жеткенімде
Мен жиырма бірінші ғасыр бетін ашқам.
Дүние, қудым сені үш жасымнан,
Дәмдіні талғап ішіп тұщы-ащыңнан.
Әлі де тау қопарар шамам бардай,
Бойымда қалған білем күш жасырған.
Дүние, қудым сені төрт жасымнан,
Жатқандай өтіп кетіп серт басымнан.
Жасырын жетіп жатыр ыңқыл-сыңқыл,
Жастықтың буы екен ғой дерт қашырған.
Дүние, қудым сені бес жасымнан,
Аңдып кеп ауыз тидім кешкі асыңнан.
Өлеңнің саятшысы мендей болсын
Баладай таяқ-мылтық босқа асынған.
Дүние, қудым сені алты жастан,
Қазақтың жалаулатып салты бастан.
Соғысқа тұспа-тұс кеп балалық шақ,
Төбеде төңкеріліп жарқын аспан.
Дүние, қудым сені жетіден-ақ,
Мектепте білім қудым отыра қап.
Көтерген семіздікті қойдай-ақпын,
Көргем жоқ сиыр болып оқыралап.
Дүние, қудым сені тоғызымнан,
Көңілді көншітпейді өгіз ырғаң.
Түсінем ақын болып кеткенімді,
Бесікте пері соғып, қобыз ұрған.
Дүние, қудым сені он бірімнен,
Қандырып сусынымды мөлдір умен.
Уақыт өтіп жатыр, кетіп жатыр
Басыма ақырзаман төндірумен.
Дүние, қудым сені жиырмамнан,
Үзгем жоқ үмітімді сыйынғаннан.
Әкеле жатыр сүйреп көрер жарық,
Жетелеп алға қарай бұйырған дәм.
Дүние, қуды сені елуімнен,
Егіліп ерік мүлде берілумен.
Жібердім аспандатып ән-әуенді,
Қалсын деп бір естелік сері күннен.
Дүние, қудым сені алпысымнан,
Арбадай қиралақтап арты сынған,
Армандай жастық шақпен шарпысудан,
Қалғандай кәрілікпен тартысудан.
Дүние, қуам сені жетпісімнен
Жігіттей жасарыңқы бет-пішінмен.
Кәнеки, азап-тозақ маған келсін,
Тосамын жон арқамды соққы сіңген.
Дүние, қудым сені сексенімнен,
Жігіттей денсаулығы тексерілген.
Шығайын қоршау бұзып аман-есен
Табиғи сұрыпталу, екшелуден.
Дүние, қудым сені тоқсанымнан,
Кезеңге бағыт алдым көп сағынған.
Майырылып қалмайын деп тасқа тиіп,
Айырылып қалмайын деп жоқ сабырдан.
Дүние, қудым сені, қуам сені,
Жүз асып тоқырайтын сынау шегі.
Бұрынғы жастар жағы жолыққанда:
“Қаншаға келдің, шал?” – деп, сұраушы еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу