Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  86


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Бір танысқа

Ішіп жүрген кезің болса, тояр ең,
Ісіп жүрген кезің болса, қояр ең.
Бірақ қайдан. Мен білгенде қоян ең,
Қауашақта аялдаған ой әрең.
Қызып жүрген кезің болса, жоқтар ең,
Жүзіп жүрген кезің болса, тоқтар ең.
Бірақ қайдан, мен білетін отты әлем
Жанып тұрса, жуықтаушы ең отқа әрең.
Ойлап жүрген кезің болса, сұңқар ең,
Ойнап жүрген кезің болса, тұлпар ең.
Бірақ қайдан. Мен білгенде қырқадан
Аса алмаушы ең, әйтпегенде шырқар ең.
Өсіп жүрген кезің болса, шайқар ең,
Бөсіп жүрген кезің болса, айтар ең.
Бірақ қайдан. Жолға салдым қайта мен,
Әйтпегенде, адам емес сайтан ең.
Сайрап жүрген кезің болса, шешен ең,
Жайнап жүрген кезің болса, көсем ең.
Бірақ қайдан. Көгермеді-ау көсегең,
Үн жоқ, түн жоқ, кезіп жүрсің көшемен.
Осы күні үндемейтін мода таң,
Бір құрдымға тірелгендей жол-апан...
...Бір қалыпты үйреніпсің айтуды,
Сырға мықты, күйге еніпсің момақан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу