Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  160


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Асылзат, арманда едім...

Созылған айшылық жер – дала беткей,
Беткейден өту қиын тәуап етпей.
Қолдасып Асылзатпен жүрер ме екем,
Сыңар жоқ: жалғыз келіп, дара кетпей?!
Асылзат, арманда едім... ауылың қайда,
Жер шалғай, бара алмадым амал бар ма?!
Қаз едік қатар қонған жайлы өңірге,
Мәз едік Тәңір берген сайлы өмірге.
Қапыда адастырған тағдырым-ай,
Қонысың Төр Алтайдың қай жерінде?!
Асылзат, арманда едім... ауылың қайда,
Жер шалғай, бара алмадым, амал бар ма?!
Сандалып көрмегелі көп жыл өтті,
Сарғайтып сол сағыныш бек жүдетті.
Өзіңе сәлемдеме – ән жолдадым,
Ән езіп жүрегімді елжіретті.
Асылзат, арманда едім... ауылың қайда,
Жер шалғай, бара алмадым, амал бар ма?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу