Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
09.09.2022
106
Сен қайда кетіп барасың?!
Жаз билеп өргек орманда,
Қаз-үйрек көлге қонғанда,
Ұзарып өсіп көкорай,
Шалғынға шашақ толғанда,
Сен қайда кетіп барасың?!
Тоғайды желек жапқанда,
Бұталар маржан таққанда,
Киіз боп жидек, бүлдірген,
Қызара бөртіп жатқанда,
Сен қайда кетіп барасың?!
Қоңырауын шілде қаққанда,
Буыны шөптің қатқанда,
Туған жер жазда толықсып,
Туырылып тулап жатқанда,
Сен қайда кетіп барасың?!
Тоқталып тұрмай бөктерге,
Бұлдырап сағым көк белде,
Бауырдың бұлты қиялап,
Нөсерлеп төгіп өткенде,
Сен қайда кетіп барасың?!
Сәлемхат байлап кептерге,
Қабадан асып жеткенде,
Шабанбай жақтан қалың бұлт,
Мұзтауға жөңкіп кеткенде,
Сен қайда кетіп барасың?!
Жүректің сыры тереңде,
Айтылар ма екен белеңде?!
Сөзіңе жеттің дегенде,
Өзіңе жеттім дегенде,
Сен қайда кетіп барасың?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter