Өлеңдер ✍️
Нұрбангүлге
Алып бара жатқан соң аңыз белең,
Дұрыс екен әр жылдан мән іздеген...
...Естен алпыс екінші жыл кетпейді,
Ұмытылмас жиырма екінші тамыз деген.
Жастық шағым артымда ойнап-күлген,
Оқиғалар жадыма бойлап кірген...
...Жиырма төртке толардан екі ай бұрын
Қоштасыппын қызулы бойдақ күнмен.
Отыз бес жыл толады биыл соған,
Қартайыңқы тартса да күйім-шамам.
Өзгеріссіз қалғандай ой-қиялым,
Жиырма беске бергісіз құйын-санам.
Өткен күннің өрнек боп қалады ізі,
Шежіредей тарқатар шал-абызы.
Етегімнен ұстаған жан-жарым деп,
Топқайыңның қыпша бел қара қызы.
Тәжірибе тағдырға болып құрбан,
Сабағы көп өмірдің мол ұқтырған.
Құдайыма күнде алғыс айтамын мен
Қажымайтын қараға жолықтырған.
Құрдастарым сөзімді дұрыс та дер,
Қолтығымнан көтерген туысқан ел.
Тоғыз бала өсірген бәйбішеміз –
Бір кездегі қара қыз құмырсқа бел.
Татулықтан жұптасқан жарасым бай,
Берекеде бал татыр қара суды-ай!
Құмырсқа бел дегенге ешкім сенбес
Бәйбішемді бес бие сабасындай.
Ұясынан ұлдарым қомданысып,
Қиясына қыздарым жолдан ұшып.
Бәйбішеммен енді бір отыз бес жыл
Жүрсе деген үміт бар қолды алысып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter