Өлеңдер ✍️
От сезім
Мен – Төлеген, сен маған Қыз Жібексің,
Осы сезім өзгермес жүз жыл өтсін.
Көктем деген көгілдір сағым болды,
Көңілімді күдіксіз күз жыр етсін.
Енді қалған өмірге ырыздықсың,
Саумалдықсың, ашымал қымыздықсың.
Сызып жүріп сарабдал мына менің
Жан жүйемді босатып уыз ғыпсың.
Шыдамайтын көрмесем көзайымсың,
Бұдан былай дәл қандай сөз айырсын?!
Ұрпағымды қоршаған баспанасың,
Өзіңе арнап өлеңді созайын шын.
Өзің ғана көңілде толған үміт,
Өзге дүниенің бәрі де болған ұмыт.
Өзің жоқта тым-тырыс үйдің іші,
Орыныңды жоқтаймын сонда біліп.
Өзің болсаң, аяқтан тік тұрамын,
Көңіл сырын көзіммен ұқтырамын.
Көкірегімде шарпыған жалынды да,
Өртендірмей әп-әзер бұқтырамын.
Дегеніңе көнемін, бағынамын,
Қазір айтқан сөзімнен жаңыламын.
Барына да сенбейтін сияқтымын
Бұл өмірде басқадай мағынаның.
Сен тұрасың бойымды дір еткізіп,
Толқып билеп кетеді жүрек қызып.
Сен туралы ой қалғанын түріп шығып,
Жатады бір ғажайып сурет сызып.
Сезімімнің пірісің ар-туысың;
Маған деген өмірдің тартуысың.
Сен келіпсің өмірге бақыт болып,
Мен келіппін өзіңмен шалқу үшін.
Жалқы өмірге жарасқан асылым жұп,
Достық сезім – көрінбес жасырын жіп.
Батылдыққа батырлық қосып бердің,
Сен тұрғанда болмаспын жасық-ынжық!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter