Өлеңдер ✍️
Табыстау
Нұрбәш, мынау – от басың, ошақ қасың,
Алаңдатпай, өзінен босатпасын.
Алдыңғы үйден жымиып қарсы ала бер,
Босағаны алдымен дос аттасын.
Мейманыңды күте бер осы арадан,
Іркілмесін күмілжіп тосаң адам...
...Күлген болып кірмесін есігіңнен,
Күңіреніп шықпасын босағаңнан.
Қонағыңа аянбай барыңды ақтар,
Аузы ашылмай қалмасын қарын-қаптар.
Қолың ашық болғаны – білгендігің,
Қоңырайып отырмай, жалындап қал!
Жеке қалсақ, бола бер бытыр-шытыр,
Саған ешкім айтпайды үкім, шүкір.
Екі жарты қосылып бүтінделдік,
Құдай берсе болармыз үпір-шүпір.
Көкжиектен таң болып атар сапар,
Көлбей келіп бақ пен сор қатар жатар.
Кемпір-шалмен әзірше алдана тұр,
Кейін біз де болармыз ақар-шақар.
Қуана бер көзіңе шағылса нұр,
Бақыттымын, толассыз ағылса жыр.
Ата-енеңді барыңмен базарлай бер,
Біз де, бәлкім, болармыз абыр-сабыр.
Үміт жанса болашақ құлпырардай,
Сағым шаққа көз тікші жыртып алмай.
Кем болмайсың, сөз берем, қатарыңнан,
Бірақ менен шықпайды шалқыған бай.
Дұрыс па әлден байлықты алсаң ойға,
Сонда жастық бақытты аңсамай ма?!
Уақытша үй жалдап шыдап көрсек,
Түбі біз де кірерміз кең сарайға.
Айтар болсаң, ашық айт, іркіп қалмай,
Тұрма бекер тіл тістеп, қырқып таңдай.
Қанатымды қомдасам, демеп жібер,
Өлеңімде шүйілген бүркіт бардай.
Білсең, біреу баланы туғанға зар,
Біреу дертін усойқы удан жазар.
Ата-енеңді күте бер, қадірлей бер,
Әлі біз де болармыз думан-базар.
Алға төзіп, барына қанағат қыл,
Болашаққа тапсырар аманат – бұл.
Достарыммен келгенде емен-жарқын,
Мені бөліп құрметтеп, даралап тұр.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter