Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  269


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Кешіккен көктем жырлары

1
Айтшы, неге биылғы көктем ауыр,
Ауыр тыныс алады өкпе-бауыр?!
Алдап соқты созылып қыс аяғы,
Ахуалы мазасыз көптен ауыл.
Күн жылынбай,
бөктерден қар да кетпей,
Шұбырмады,
толмады малға беткей.
Майда самал, жылы леп сағындырып,
Жүрген бар ма күншуақ арман етпей?!


2
Көктем, сірә,
Бізді ұмытып кеттің бе,
Мезгіліңді кешіктіріп жеттің бе?!
Адамзаттың армандайтын шағы бұл,
Арманымды айтар екем тек кімге?!
Мендік арман –
ақбас арман, шал арман,
Табиғатқа сай келер ме жаңарған?!
Бүршік атып келе жатқан тәрізді
Күллі әлемнің көрінісі жанардан.
Мамырға кеп жиналғандай бар суық,
Маусым туса жылынардай дәл сынып.
...Күн нұрымен тесілген жер қуды мал,
Шаруаның жем-шөбі де таусылып.


3
Тіс тиіп, тілге оралмай қылтиған көк,
Жайылған мал ішінде тыртиған көп.
Тоймаған көксоқтада,
көктемеде
Бүйірі шығар ма екен бұлтиған боп?!
Аспанға көзін тіксе таңғы жан дүр,
Қара бұлт арты қалың, алды жалбыр.
Әп-сәтте қысып кетсе
жылымық күн
Қиыршық қарға айналар қарлы жаңбыр.
Беу, көктем! Зеріксең де жасарып қал,
Өтпелі өліараңа жасанып бар!
Тұрады шыға жаздап бойдан жаным,
Далада дірдектесе аш-арық мал.
Ертерек қоң жинатып жұғын нәрі,
Өзгеше сияқты еді бұрын бәрі.
Үйренбей келем әлі қартайғанша
Көктемнің қылығына құбылмалы.
4
Құлақтанып келе жатыр жер түгі,
Қырат маңы нәзік бұйра елтірі.
Табиғаттың бүр жаруы дем беріп,
Жасты қойып, кемпір-шалдар делқұлы.
Жастар жағы қызық думан, мәз-мейрам,
Енді дудан арылмайды жаздай маң.
Жасты қойып,
кемпір-шалдар елтіген
Ағыл-тегіл төгіледі саз қайдан?!
5
Тамырың әлі берік пе, кәрі қайың?!
Енді қалған тірліктің бәрі уайым.
Жолдан шығып кетердей кейінгі ұрпақ,
Қолдан шығып шашылған тарыдайын.
Тамырың әлі мықты ма, кәрі қайың?!
Тапшы кезде табылмас дәрі уайым.
Сен жаңылма жылдағы тіршіліктен,
Мен – күнәкар жаңылсам, жаңылайын...
Қабығың да қалың ба, кәрі қайың?!
Сағындың ба көктемнің ару айын?!
Сен ақырғы сөліңді ағызғанда,
Мен ақырғы сөзімнен арылайын.
Өзегің әлі жылы ма, кәрі қайың?!
Ыстық-суық ауаның бәрі дайын.
Сен ағарған қалпыңнан айнымашы,
Мені басып алса да сары уайым.
Қартайғанның сыры ортақ, жақсы қайың,
Ақ торғындай тозбасын ақ шырайың.
...Ортасында орманның асқақ тұрсың
Айналаңды күзеткен сақшыдайын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу