Өлеңдер ✍️
Қарапайым тас
Алшысынан түсе бермес асығым,
Даяр асқа тік тұрмайды қасығым.
Көп ішінде көзге түспей қалатын
Шахматтың қарапайым тасымын.
Шаршы тақта.
Құпия көп жасырын,
Ойын бітпей ешкім білмес ашығын.
Шығып жатқан кезін әсте көргем жоқ,
Шахматқа орын бермей басылым.
Ат болуға ұмтылады бірер тас,
Пат болуға ұмтылады бірер тас.
Шаршы тақта, жүріп жатыр бір айқас,
Ақ пен қара бір-біріне кілең қас.
Әрбір жүріс шыға бермес ыңғайдан,
Мына бір тас ферзь шығып жүр қайдан?!
Шаршы тақта ақ пен қара шеп құрап,
Кейінге қап жүріп жатыр бір майдан.
Піл болуға ұмтылады бірер тас,
Құр қалуға ұмтылады бірер тас.
Шаршы тақта, жүріп жатыр бір майдан,
Бірін-бірі қымқырады кілең қас.
...Жеңер жағы отырғанда тамылжып,
Келер жағы отырады абыржып.
...Көп ішінде көзге түспей қалатын,
Шахматтың тасымын деу – ауыр жүк.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter