Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
09.09.2022
100
Бұрқата соқты ақ құйын...
Бұрқата соқты ақ құйын,
Аспанды бүркеп ақ тұман.
Ауылдың қымтап жапты үйін,
Көрінбей көзге жатты маң.
Орай да борай ақ боран,
Ықтатып пана таптырмай,
Аппақ қар жерді аптаған,
Көрмедік дауыл тап мұндай.
Үрей боп тиер сасқанда,
Бір оқыс қимыл етердей.
Үйіріп алып, аспанға
Ұшырып қана кетердей.
Талықсып барып, қайтадан
Алады демін ышқынып.
Жыры да бөлек – шайпау ән,
Мінезі – ожар күштілік.
Қайыңы қалды бүктеліп,
Қарағай шіркін сыр бермей.
Самырсын тұр-ау тік берік,
Батырдың қаны сіңгендей.
Боранның тегі,
Күйі – егес.
Уақыт жоқ мойын бұрғандай.
Теңселіп тұрған үй емес.
Тербеліп Алтай тұрғандай.
Бұрқата соқты ақ құйын,
Аспанды бүркеп ақ тұман.
Ауылдың қымтап жапты үйін,
Көрінбей көзге жатты маң.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter