Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  130


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Бұқтырма

Бұқтырма Төр Алтайдан ырғып ағып,
Өлкені нұрға малып мың бұралып,
Ертіспен сырласқалы бара жатыр,
Көргенін жол-жөнекей жыр ғып алып.
Күй болып құйылады құлап ағын,
Жұмбақтап жеткізгендей бұлақ әнін.
Сүйсініп ұйып сені тыңдаса жұрт,
Қажетке жарағаның, ұнағаның.
Желдіртіп тентек өзен сан дүбірге,
Жағаны солқылдатып алды бірде.
Уақыттай зымырайды зырлап ағыс,
Құбылып күйдің бабы әрбір үнге.
Толқындар түсін бояп қара көкпен,
Толықсып ақтық демін алады өктем.
Балығын ілем дей ме Бұқтырманың,
Шүйіліп қыран бүркіт қарап өткен?!
Көкжал су биік құздан қарғып аққан,
Жарысса озып кетер арғымақтан.
Бұқтырма қырандардың жырын айтар,
Үйренсін сарын мәнін, әнді ұнатқан.
Мөңкіген арпалысып тулап аттай,
Тұрар ма тау өзені зулап ақпай?!
Су анық тасығанда жұлқып-бұзып,
Тұрады өзге түгіл бура батпай.
Қоймайды таудың өзін сырғанатпай.
О, Бұқтырма, Бұқтырма, қара басқыр,
Толқыныңмен толқынды араластыр!
Ойнақ салған төсіңде ару қызды
Күдірейген жалыңмен жағаластыр!
Өркешіңмен сұлуды орашы бір,
Жаратылған өзенге бола шымыр.
Толқын бетін қалқыған самал желдей,
Түйдектеліп тоқтаусыз борашы жыр!
Пері қызы,
ақ толқын, үйір қатты,
болсын оған арналған сыйың тәтті.
...Өй-өй!
Мына сұлудың жүзгішін-ай,
Көкжал өркеш бетімен құйындатты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу