Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  104


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Есімде Қабанбай ауылы

Осы ауылдағы мектептің ардагер ұстаздары Сейтқали Бөлтекбайұлы мен Тоқан Жұмашұлына
Сейтқали!
Анау көрінген Маңырақ – топжарған өңір,
Басталды дейсің жарқырап Ақжардан өмір.
Қояр да қоймай Қабанбай ауылына бастап әкелдің,
Ырыздығын тосып алдыма ақжарма көңіл.
Тоқан!
Мен – құдайы қонақпын, сынаймын, кетем,
Маңдайыңдағы бақытың жұбайыңда екен.
Азаматтығыңды көтеріп сездіріп жүрген
Бұйырғанын айтсайшы: шырайлы мекен.
Қайда жүрсем де қапталдап қалжыңым қалмай,
Сол әзілімнің өтеуіне қоржының болмай...
...Көсілуімді түгендеп, шешілуімді іздеп,
Айтылмай жатқан жасырын ән-жырым бардай!
Рақмет, достым, отырдық дастарқан басы,
Балбырап пісіп жарыңның асқан жамбасы.
Шертілмей қалды Өскемендегі хикаяларың,
Сейтқалидікіне келіп үзіліп дастан жалғасы.
Сейтқали!
Мен – сыпайы қонақпын, шақырдың болмай,
Теріс кетуі мүмкін бе ақылдың қонбай?!
Әңгіме айтар шама жоқ, шалдығып-шаршап,
Шалжиып шалқып төріңде жатырмын оңбай.
Сейтқали бастап ақырын әзілін нәш қып,
Жайылып көрпе болғандай, жазылып жастық.
Әншейінде әдепті болып, биязы көрініп,
Жүз грамнан соң арыстанның ауызын аштық.
Сейтқали!
Жомарт пейіліңді көрсетіп, ішіп-жегіздің,
Қыздырып алып досымды маған “күшік” дегіздің!
Жалаңаштанып тастап жағалауыңда жаттық
Ондатра ойнаған жасанды пысық теңіздің.
Ағыттық келіп қауызы шешілген әнді,
Жұбайларыңның дауысы қандай есілген әрлі!!!
...Қабанбай ауылы қашан да түсіме кіріп,
Сейтқали, Тоқан қалатын шығар есімде мәңгі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу