Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  103


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Қолды болған бәсіре

Ұрланған малдың Айдар – бас иесі,
Күрең байтал – жиенімнің бәсіресі.
Сандалдым екі ай іздеп, тұрмаса да,
Тіреліп соған ғана несібесі.
Біреудің жат қылығын біреу байқар,
Көрдім деп барымтадай сүреңді айтар.
Екі ұры елең-алаң іліп кетіп,
Өрістен қолды болды күрең байтал.
Жиенім – періште әлі сәби атты,
Жаңа айырған жұпар мен аммиакты.
Іңірде қолды қылып бәсіресін,
Боп жүрмін жиен алдында мен ұятты.
Жылқыға келген ізі бар қос ұрының,
Жасай ма түн жамылып дос ырымын?!
“Алыстан іздеме, – деп айтты куә, –
Мойнына салып берем осы бүгін”.
Жоқ іздеп түзегенде жарық бетті,
Сөзінен көрген куә танып кетті.
Учаскелік өкіл де ұрылар жақ,
Мал ізін жасыруға барып кепті.
Ұрының мықты сүйер бәйтерегі,
Дәл соған сүйенбесе, қайтер еді?!
Індетіп іздемеді, шіркін, әттең,
Құйрығы шығып тұрған байтал еді.
Бағынбас, заңға көнбес тасыр емі,
Бұл неткен арсыз, бетпақ ғасыр еді.
Суырып алып шығып бере алмады,
Сирағы шығып тұрған бәсірені.
Қорқа ма, ұры-қары жүр алшаңдап,
Қуанып “қусың” десе шығар самғап...
...Мойындар емес ешкім ұсталса да,
Ойым бар енді ұстасам, ұран салмақ




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу