Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  138


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Жүрек шапағаты

Өлең деген жазылмайды-ау бекерге,
Айқын ойлар айтқан жерге жетер ме?!
Әлде ақынның шым еткізіп жүрегін,
Бір өткінші кезең болып өтер ме?!
Әлде ақынның сол жүрегін езіп тек,
Түк түсінбей отырар ма ежіктеп.
Өзгенің де аулай ма екен көңілін,
Ешкім білмес бір қиырдан сезіп кеп.
Тек ақынды тебірентіп, тербетіп,
Терең ойға батыра ма селдетіп.
Түсіндіріп айту қиын түгелдей,
Тек өлеңмен тола қойса кем-кетік.
Бұл өлеңде ғажап сиқыр бар бірақ,
Сол сиқырдан қалатын көп албырап.
Өлең деген – сылдыраған балбұлақ,
Өлең деген – жағадағы тал-құрақ.
Осы өлеңнің қуат-күші болмаса,
Жарым көңіл бүтінделіп толмас, ә?!
Таңдай қағар өлең жазу мүмкін бе,
Шабыт құсы сәтті күні қонбаса?!
Төңірекке тараса өлең шуағы,
Қысылғаннан қымыран боп шығады.
Өлең ғана өртенеді өзекте –
Махаббаттың, шапағаттың шырағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу