Өлеңдер ✍️
Мен кінәлі
Қалқам, сені кінәлайын неге мен?!
Баяғыдай көңіл болсын деген ем...
...Бірақ енді соның бәрі арман ғой,
Ортасынан қақ бөлінді керегем.
Ызғар шашып ұя қалды қаңырап,
Түк сезбедім, сен жыладың аңырап.
Жылы орыннан қашып кеткен мен бейбақ.
Ортасына түскендейін шаңырақ.
Соның бәрі болды менің өзімнен,
Сен шыдадың
Шыдап бақтың төзіммен.
Енді қалған тіршілік те далбаса,
Ал ішімде боздайды бір боз іңген.
Кешерсің бе, мен жазықты, күнәлі ем?!
Мені ғана сынап, бағып тұр әлем,
Сен көтеріп жүргеніңде бақытты,
Семіздікті көтере алмай мына мен.
Баяғыдай көңіл қайда? Енді не?
Түзу жолдан адастырған жел, міне.
Қандай азап тартқызсаң да пейілмін,
Аяқ-қолды арқан тартып кергіле.
Баяғыдай іңкәр көңіл – құштарлық
Болып қайта оралар ма ұшқан құт?!
...Жазылмайды тілеп алған ауру –
Өз басыма өзім салған дұшпандық.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter