Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
09.09.2022
117
Өмір мен ауыл
Ой, өмір-ай, ағыстың қарсы аққаны-ай,
Қарсы аққаны-ай, тыныштық аңсатқаны-ай.
Тыным іздеп ауылға келген басым,
Жас та болсам, тыныштық шаршатқаны-ай!
Ой, өмір-ай, әдейі теріс аққан,
Талқан шығар келі мен келсаптан.
Аяғыма оралғы тауып беріп,
Шығарғысы келмейді мені саптан.
Түсіп едік бір жолға құдай атқан,
Қарашы енді, ағысты былай аққан.
Ырық бұзбай ыңғайлап жатыр ауыл,
Той-думанмен ұстап ап бір аяқтан.
Тағы ағысқа кезігіп олай аққан,
Көбік шашып толқынын борай атқан,
Ауыл, шіркін, қызықтап босатпады,
Шідер салып оң аяқ, сол аяқтан.
Ой, өмір-ай, енді ағыс босай аққан,
Қалғып бара жатқанда дос оятқан.
Ауыл деген жібермей алып қалды,
Тіршілікпен шырмап ап қос аяқтан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter