Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  312


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Леп белгі

Ырғақтың леп белгсі – төте мүлкі,
Бір дауыс сәл-ақ қызып өтер ілкі.
Кейде леп қойылатын кезі болар,
Сол дауыс шықпаса да көтеріңкі.
Бір дауыс баз біреуді іреп келді,
Бір дауыс зор таяныш, тірек берді.
Аңғартып келе жатқан соның бәрін,
О, сенің қасиетің, леп белгі!
Жақсының ылғи тұрсаң соңына сен,
Дұрыс-ақ дер едім ғой оның әсем...
Сап етіп кеп қаласың қайбір жақтан,
Шықса да күйініштің жөні бәсең.
Тұрғандай ол біреуді тамсандырып,
Біреудің жан дүниесін жансар қылып...
Бір сөйлем жазсам деймін өмір бойы
Қоятын шартарапқа жар салдырып.
Өнердің шын дәстүрі болып әдеп,
Уәде берсем қайтер соңыра деп?!
Ақыры сол сөйлемді жазған күні
Қоятын-ақ шығармын соңына леп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу