Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  130


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Ақын сыры

Ақын шынын айтқанда, қызық көріп,
болма таң,
Әр өлеңді жазғанда тұмса болып толғатам.
Жайшылықта тоқжарау бедеудеймін кәдімгі,
Бірақ мені сынайтын сапар ұзақ, жол қатаң.
Көріне алмай жатырмын, қиыр жайлап,
шет қонып,
Жазғаным да ондаған әлденеше бет болып.
Ар жұлдызым – айтқаным, ұялмайтын күн туса,
Қолжазбаммен өзімді орап-орап, кет көміп!
Сырқаттанып келемін өлең деген дертпенен,
Шабыт менің пырағым, сайлы қылып ерттеген.
Тындырғам жоқ бір істі шығатындай көңілден,
Артық болды уәде, ауыр екен серт деген!
Өнер жолы, не деген тайғақ едің, қиын ең,
Сыр тыңдаймын қайтадан сыбызғының күйінен.
Жұдырықтай жүрекпен толқып тағы түйілем,
Түлкі болса тақырып, қыран болып шүйілем.
Жолсыз суыт келемін тау арасы сүрлеумен,
Домбыраның ішегіндей күмбірлейді жыр-кеудем.
Кетсем кейде сүрініп, қалсам бірде адасып,
Сағынысып қауышам сыбызғылы күндермен.
Әлі келе жатырмын бір жығылып, бір тұрып,
Намысыма қызынып, алға қарай ұмтылып.
Көкірегімде жарқылдап ойнап жатыр найзағай,
Түйме бұлт жоқ аспанда, болса дағы түн тымық




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу