Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  174


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Туған жердің түтіні

Кейін шығар бастапқы соқпақ мәні,
Болған дейді жасында көп тақпағы.
Туа біткен киелі қасиетің
Шыңғыстайды мекен ғып тоқтатпады.
Қысылса да жөн-жосық сұрап батпай,
Балаң сауал балуанды тұр аттатпай.
Алып кетті-ау әулие қасиетің
Аудандағы газетке тұрақтатпай.
Ұшса қанат қатаяр, ширайды екпін,
Нөсер болып төктің ғой, құймай кеп бір.
Күллі қазақ құшағын аңсадың да,
Өскеменге тағы да сыймай кеттің.
Алматының түк етпес шығыны алаң,
Мінсіз жетсін таланттың шыңына аман.
Көтерілсең “Мұзтаудың” биігіне,
Шырқау жолың басталған “Шұғыладан”.
Оқырманың қабылдар сыйдай көріп,
Адамдарың ажарлы бидай көрік.
Алтай жақтан басталып, Алматыға
“Сарыарқаның жаңбыры” құйды-ай келіп.
Берік шыдам қабат кеп желең төзім,
Билеп алған асқақ, ой терең сезім.
Байқап көрдің бейімдеп әңгімеге
Ұлы Абайдың құбылтып өлең сөзін!
Саған риза туған жер топырағы,
Өрнекті сөз өрмектей тоқылады.
Көркемдіктің шабытты ақынысың
Қара сөзің өлеңдей оқылады!
Балуан тіл бір олай, былай келіп,
Еркін ойға тәуелсіз ұнайды ерік,
Ана сөздің үңіліп тарихына,
Қара сөзге көрікті шырай беріп.
Жігіттейсің сен әлі сырбаз өңді,
Тума талант таңдамас тура жолды.
Төрт түліктің төресін тәптіштеген,
Тарлан тартқан әңгімең “Бура” болды.
Таптаурынға салмайсың белгіліні,
Қатарыңның өзіңсің ең мығымы.
Сезімін де дәл беріп, түйсігін де,
Суреттедің адамша “Кербұғыны”.
Тоқырауда тұсалған матаулы ер ең,
Тері алынбай толғанған ақаулы ерен.
Тоңмойынды дойырмен сұлатқан соң,
Тоғышарға ұсынған “Атау-керең”.
“Текетірес” болғандар қайдан да оңар,
Титықтаған қай кезде жайлау қонар?!
Тұрмыс билеп ой-санаң күйзелген соң,
Тіршіліктің “Бәрі де майдан” болар.
Әр сөзінде ойнақ сап астарлы ұғым,
Түсіндіріп тағдырдың басқалығын.
Уыз сезім оралмай өтіп кетті,
Балалық шақ “Қайдасың, қасқа құлын?!”
Тілін білдің долының шайпау, қотыр,
Сыншы халқың сырыңды байқауда отыр.
Ар-ұяттан аттаған пенде болса,
Еске салды құдайын “Сайтан көпір”.
Жастайыңнан дәстүрге мәншіл едің,
Алай-дүлей іштісің – әнші керім.
Елестейді көзіне оқырманның
Асанәлі – Бекежан “Қамшыгерің”.
“Көк тайынша” қайырар күйісті ептеп,
“Тортай мінер ақ боз ат” қиыс беттен.
“Өз отыңды өшірме”, “Қар қызымен”
Туған жердің түтінін иіскеп кет!!!
“Үркер” туа ашық қой қашан аспан,
Өркен жайған тамырсың “Жас алаштан”.
Жарқыраған “жұлдызың” биіктесін,
“Қазақ әдебиетінде” жаса дастан!
Жасын ойнап жатқандай соны шақтан,
Кезінде де мөлдірсің “Терісаққан”.
Қаламыңнан ұдайы сөз бастадың,
Қолбасшыдай көрейін сені саптан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу