Өлеңдер ✍️
Бұл ғаламға шаттық үшін келгенмін...
Бұл ғаламға шаттық үшін келгенмін,
Бірақ көрген қызығымды кем дедім.
Көкірегім күй боп мұңлы селдедім,
О дариға, өкінішім сен менің.
Жүректі жеп жүдетсе де өз қайғым,
Арманды асыл медеу тұтып тозбаймын.
Сағыныштың шоғын үрлеп қоздаймын,
Ән сазыңмен ботадайын боздаймын
Тыныс демнен жайды ұқпасаң күрсінем,
Жанды емдетер тәуібім боп тұршы үнем.
Бөрік талдың саясында аз еді-ау,
Таң атқанша жүз аймалап, мың сүйсем.
Көрген түстей көп елестен жай табам,
Жан сырымды бөгде кімге айта алам.
Сезімімнің тұнып тұрған теңізін,
Тәтті әніңнің самал лебі шайқаған.
Панам болған бәйтеректей тұлғаңның,
Ұмытылар ма саясында тұрған күн.
Бал дәуреннің бальзамдары секілді ед,
Шілдедейін шыжғырғанда бір жалын.
Дидарыңды жүрсем де көп жыл көрмей,
Әлсіреумен әрең шыққан үндердей.
Осы өлеңім жатты ішімде күн көрмей,
Қауашағын жара алмаған гүлдердей.
Орындалып ойыңдағы ізгі арман,
Шаттығыңның шағында осы гүл жарған.
Ізде мені сыр сандығы кеудеңнен,
Ізде мені қапия өткен жылдардан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter