Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  173


Автор: Шәдәт Нұрсапақызы

Әншіге

Сенің тәтті әніңді ұнатушы ед қанша адам,
Жан дертіне бойдағы әннен медет аңсаған.
Бір жасаушы ем сол әннен тауып үнемі марқадам,
Тыңайушы ем естісем ұмыт болып шаршаған.
Көмейіңнен сыңғырлап төгілгенде лағыл ән,
Ет жүрегім елжіреп ақтарылған ағынан.
Жан тебіренте толқытқан тоқсан толғау әуенге,
Мастанумен басқа әуен тыңдамаушы ем, не қылам.
Әндеріңнен мен үшін өтпес әсем ән сенің,
Тасытатын көктем ең астаң-кестең жан селін.
Бақидағы бейістің сайрайт деуші ед бағынан,
Бұлбұлынан пәнидің қанып кетсін жан шөлім.
Жалықпаушы ем тыңдаудан мың естісем күніне,
Құз басынан құлаған мөлдір бұлақ үніне.


Жәрмеңкелі жастықтың арман қуған күнінде,
Табындырған тәңір боп қыдыр бабам үні ме?
Көмейіңнен тап-таза күміс теңге төгілген,
Зәмзәміндай меккенің зәруартқа өзің ем.
Ел ардақтар ерке едің, сахнаның көркі едің,
Қымбатыңмен кіргізген бір дәуірлі өмірге өң.
Өнердегі тәңір ең, кеудеңе асыл сіреген,
Ақ тұмарлап аулымның ақ жол тілер түлегі ең.
Жан тотымды сайратып бағыш етіп кел,өлең,
Өнерің мен өзіңе ұзақ ғұмыр тілегем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу