Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  76


Автор: Шәдәт Нұрсапақызы

Сағыныш

Жанымның жастай сарайын,
Бөлеген нұрға арайым.
Құлагер жырдың құлпыртып,
Құйрық та жалын тарайын.
Пырағын ойдың кежімдеп,
Алқындырып бір шабайын.
Жасаған жерге өзім көп,
Сағыныш мұңым шағайын.
Көлдерін жүзіп көгілдір,
Аққу шабытым тарансын.


Көбелек сынды көңіл бір,
Көгалдан, гүлден нәр алсын.
Құлын ойларым құлдырап,
Құрақтарында шапсын бір
Бұлақ жырларым сылдырап,
Сыр ақтарыла қатсын үн.
Жанымды сырлас елменен,
Едіге жырлар меңдеген.
Туған жеріме мен деген,
Жүрегімді де тең бөлем.
Бал дәурен күнге сағым шын,
Ынтызар қиял сабылсын.
Бойжеткен сезім бой түзеп,
Алқа моншағын тағынсын.
Қысы-жазы егіз өмірден
Арылсын сәтке зарығыс.
Басайын балаң көңілден,
Сағынышымның сарығын.
Адамға қажет ең негіз,
Емеспіз кеннен кенде біз.
Ұялап алған бұлбұл құс,
Сыршыл орман ғой кеудеміз.
Сағындым әсем ырғалған,
Сәнді талдардың солқылын.
Жарқ-жұрқ ететін сулардан,
Шортандардың шолпылын.
Шаңырақ күнін сағындым,
Кереге, уық-орманын.
Көк жүзіндегі жамылғым,
Туырлық бұлтын-қорғанын.


Жаныма бальзам құятын,
Жасаң иісті бөктерін.
Басқұрлап өрмек құратын,
Кемпірқосақты көктерін.
Қаршадай бала бүйрек бет,
Құлақтап тайын үйреткен.
Көз алдымнан кетпейді,
Шылбыр, арқанын сүйреткен.
Қарағай қыздар бұралып,
Сәукеле киіп таң қалдыр.
Алқызыл гүлге оранып,
Адырлы белдер жанған дүр.
Боз торғайыңнан ой алғам,
Болсам деп сондай жыршы құс.
Қияндарыңа жол алғам,
Қыраннан жұғып ұмтылыс.
Сенде өткен күнім бір той боп,
Теруші ем алуан гүлдерін.
Ұнатушы едім, ой-хой, бек,
Шұғынық, ләйлі түрлерін.
Салушы ем сарай батпақтан,
Киюші ем кепеш бақбақтан.
Бар ма екен бала достарым,
Қоңырқайлаған аптаптан.
Балауса құрақ судырлар,
Көк пүліш көйлек кигендей.
Зәмзәм бұлақтар сыңғырлар,
Сәбилер мәз боп күлгендей.
Мәңгілік қойдың асық қып,
Көзімді тұр-ау басып шық.


Іңкәрім өзің, туған жер,
Өлгенше бітпес ғашықтық.
Жанат пен бейіш жете ме,
Төк мейлі ақпан қаһарын.
Өзекке тепсең кетем бе?
Беу, менің мысыр шаһарым.
Көрмесем жүрек бұлқынып,
Жеріңдей күзгі қуарам.
Көңілімді немен толтырып,
Көзімді немен суарам?
Қажеті қанша бүлденің,
Ойдасың күндіз-түн демей.
Көз айдын болып жүргенім,
Өзіме үлкен бір мерей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу