Өлеңдер ✍️
Екі мысал
Тани білу өзіңді, жеңе білу батырлық
Тұрлауы жоқ бір мысық, ауға шықты асығып,
Алды бірақ тышқанды ұстай алмай қашырып.
Сөгіс айтты достары «неге ғана жібердің?»,
«Семірсін» деп тайсады ол олақтығын жасырып.
Келе жатты сол мысық өзен бойын жағалап,
Үйір-үйір балық жүр, судың бетін сабалап.
Ұстай алмай қалам ба? Жалтақ-жалтақ қарады ол,
Осалдығын біреулер кете ме деп табалап.
Су шетіне жақындау бір балықты бас салды,
Балық қашты сып беріп, екі аяғы бос қалды.
«Беті- қолды жуғалы еңкейіп ем» деп мысық,
Алдарқатты жасырып жағадағы достарды.
Мысық солай жүретін олақтығын жасырып,
Бірер тышқан ұстаса күпінетін тасынып.
Кекіретін кердиіп «күпті болып жүрмін» деп,
Аш ішегі шұрылдап тұрса-дағы ашығып.
Жататұғын сол өзен басылмастан арыны,
Толқынында топырлап қызықтырып балығы.
Мысық тағы бір күні тік секірді жағадан,
Кім біледі бола ма, болмай ма я салымы.
Судың сұрқыл ағынын ыршып-шоршып есіпті,
Серіктері айғайлап «құтқарайық!» десіпті.
«Ұшырайды қатерге дейсіңдер ме шөнеңді...!
Малтап жүрмін толқында» деп айғайлап бөсіпті.
«Ағайындар, малтаудың мән-мәнері көп» депті,
Бір жоғалып бір шығып, суға біраз шөкпепті...
Ағып барып ақыры арқан бойы алысқа...
Бір қылт етіп төбесі, батып барып жоқ бопты.
Осалдығын жасырып, омақасып «өрелің»,
Тіршілігін мерт қылды кімнен алар төлемін?
Мысқылдасып жағадан серіктері қайтыпты,
«Үйреткелі кетті деп бізге сүңгу өнерін».
Өмір заңы қайшылық, өзгермейтін жобалы,
Бірде ортайып арнасы, бірде тасып толады.
Олқылығын ұқса да өзін-өзі алдаған,
Кімде-кімнің алдында бір зауалы болады.
Көмескілеп көгермес адамдардың өресі,
Артықшылық аға болса, олқылығың бөлесі.
Жапқаныңмен жабуды жабы озбайды жарыста,
Кеспіріңді келтірер шындық дейтін төреші.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter