Өлеңдер ✍️
Ақын ана
Бір боз жігіт күтіп жүрген зарыға,
Отау болып айналасың жарына.
Арқандалып аяқтайды қыз ғұмыр,
Жан ұяның жазылмаған заңына.
Ару мүсін арманы асқақ ақынды,
Тұрмыс солай басқа өмірге шақырды.
Жыр жібегін үлпілдеткен саусағы,
Кетті үйір боп тұтқасына бақырдың.
Міндетіңді әлеуметтік келелі,
Алда жүріп жалаулы еткің келеді.
Бала бөлеп, тазалайтын үйің бар,
Үйдегіңнің түскі асын кім береді?
Өлең ойға оралады талай шын,
үлгіре алмай ойларыңды қамайсың.
Мәжіліске асығасың еріңнің,
Түсіп қалған түймесін тез қадайсың.
Күту керек отбасында кімді-кім?
Жауап іздеп жарыған жоқ сын бүгін.
Жарың төрде отырады ас ішіп,
Сен тасисың темекісін, күлдігін.
Қолға кітап ала берсең шәй тасып,
Кетеді ойдан ұйқастарың айқасып.
Тасыған шәй құйылады қонаққа,
Дәптеріңді үлгірмейсің қайта ашып.
Тазалайсың ұл-қыздың шаш-тырнағын,
Дайын тағы қағып-сілкер сырмағың.
От сап жүріп ошағыңа ой кешіп,
Күбірлейсің көп өлеңнің ырғағын.
Көре-көре көмпістеніп гүл бойың,
Отбасыңа опа қылу күнде ойың.
Күндіз күйбің босатпаған жүйкеңді,
Ұйықтатпайды ұйқастар да түн бойы.
Қоңыр күйі отбасының жігерлі,
Қажай-қажай көмпіс етіп жіберді.
Жыр кітабын шығарғалы жүргенде,
Ұл-қызыңды оқытасың міне енді.
Ғұмыр солай білінбейді өткені,
Самайда ақ, маңдайда әжім жоқ та еді...
Отбасының бақытымен базарсың,
Өлең саған болғанымен өкпелі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter