Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  200


Автор: Қанипа Жапанқызы

Әкем қойған құлпытас

Өтпедіңіз кәріліктей бекеттен,
Сізді тағдыр ерте өмірден әкеткен.
Дегендейін «қызы бардың ізі бар»,
Сізге деген қарызымды өтеп пе ем?
Шақаң құрған мектепте оқып істедің,
Сонан сізде босамаған күш сенім.
Отыз бес жыл ұрпақ жүгін арқалап,
Қажымадың сол тұлпардан түспедің.
Асыл рухың әке сенің өлмеген,
Шығып әр күн сабақхана бөлмеден.
Құйып жатыр бұлақ болып өмірге,
Әр жүректен саналарға шөлдеген.
Қайсы шептен кезіксін қай қатардан,
Небір даңқ мәртебемен атанған.
Адамдар көп маңдайымнан сыйпаған,
Оқыдық деп сенің әкең Жапаннан.
Үлгі ет деуші ең білімдіні, ақылды,
Сол дауысың биікке әр күн шақырды.
Өшпесін деп үмітіңді, атыңды,
Өлең жаздым үлгі көріп ақынды.


Тілегіңнің, тәрбиеңнің, батаңның,
Қуатынан ойға дарын от алдым.
Бір туындым жарық көрсе баспадан,
Атымды айтып қызы дейді Жапанның.
Сахараның сапар жолы тұрды ұзын,
Сен боп, әке, жетеледім ұл-қызын.
Сен боп, әке, дос алдында сөйлеймін,
Өшпесін деп сенің атың-жұлдызың.
Алтын айшық көрінгенмен көзге айқын,
Зат емес пе парасаттан озбайтын.
Әке, саған қызың қойған құлпытас,
Емес сол зат, асыл рух тозбайтын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу