Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  85


Автор: Қанипа Жапанқызы

Өлеңім

Білмейтін де мені оқып білетін де,
Кездесерсің осы бір тіл өтінде.
Айтарымды жүрсем де жеткізе алмай,
Осы өлеңмен өмірім бір өтуде.
Өрнектелген өмір бар өлеңімде,
Анамды алғаш жырладым бөлек үнде.
Ауылым деп, мекен деп аңырадым,
Сағынышқа жанымды бөледім де.
Осы өлеңде айтылды дәуір-дастан,
Құшағым боп ұрпаққа, қауымға ашқан.
Ақ тілеуім, арнауым ағыл-тегіл,
Мейірім боп мектепке бауыр басқан.
Өлең-өлең демедім дүрмекпенен,
Бір буынға бір буын күрмеп көрем.
Даналарға сөзім бар құрмет деген,
Жақсылармен жанасып бір көктеген.


Осы өлеңдер жұлдызы аспанымның,
Сезімдері селт еткен қас қағымның.
Тағдырыма тән болған ғазалым бар,
Махаббатым, сағыныш, баста мұңым.
Ақынмын деп есіріп шіренген кей,
Біреулерге ұсауға жүрем көнбей.
Поэзия пырағы ұстатпайды,
Қанша ұмтылсам өлеңім бір өңденбей.
Ойға олақ, сезімге аш бола ма сәл,
Деп жырымды жүремін санап осал.
Тым құрыса бұл дәптер болар деймін,
Ғұмырымнан қалған бір хабар-ошар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу