Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  137


Автор: Райхан Ібінқызы

Берекенің белгісі

Тапқаныңды, ұлым-ау,
Тасый берме жырымдап.
Келін бала жүрмесін,
Қыр соңыңнан қырындап.
Өйткені, оның ойласаң,
Басынан іс өтпеген.
Бімейтіні әлі бар,
Ойламаған көптеген.
Бала бағып көрмеді,
Кірлеген жоқ көйлегі.
Шал-кемпір жоқ қасында,
Салмақ салар өлмелі.
Ақ отауы айнадай,
Келсең кеткің келмейді.
Сол бетінде тұрса дер,
Сенбе, ұлым, сен мейлі.
Сол отауға жия бер,
Бір сабақ жіп болса да.
Бүге көрме келіннен ,
Қалтаң қанша толса да.
Берекенің ұйтқысы,
Бір-біріңе сенуде.
Ақылдас та алып кел,
Бел байласаң беруге.
Қонақ келсе қойыңа,
Айтпай бата сұрама.
Айтып қойсаң келінге,
Келін оны бұра ма.
Басқа жаққа қыдырсаң,
Жөніңді айт та бара ғой.


Үлгі алады өзіңнен,
Келін де әлі бала ғой.
Өз алдыңа өз ісің,
Оралмасын әлі ертең.
Төсегіңді жиып кет,
Тұрғаныңда таңертең.
Орыныңда қалмасын,
Киген киім, ыдысың.
Көп уақыт кетпейді,
Жия салсаң бұл үшін.
Әуре болар, шырағым,
Оның бәрі келінге.
Күш-қайратың тұрғанда,
Қандай істен ерінбе!
Берекенің ұйтқысы,
Осындайдан келеді.
Сен келінге сенгенде,
Келін саған сенеді.
Ел алдында дүрілдеп,
Мінін айтпа жазғырып.
Онда сайтан араға,
От жағады азғырып.
Айтар болсаң өзіне айт,
Келісімсіз қылығын.
Жылы сөйлеу ең жақсы,
Есте сақта, құлыным!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу