Өлеңдер ✍️
Қармақ салдым өмірдің мұхитына
Кейде орта көңілің, кейде бүтін,
Оны бастан кешеді әрбір түтін.
Балдай тәтті туған ел өзі берген,
Қара суы болса да жалғыз жұтым.
Пенделердің кешері мол-ақ екен,
Жүрген жері қансонар болады екен.
Тыным таппай зырлатып жүрсе-дағы,
Бір қонысқа ақыры қонады екен.
Адам деген өмірге қонақ екен,
Әуре-сарсаң қонақ та мол-ақ екен.
«Бәрін айт та бірін айт» дегендейін,
Басар жолы қып-қысқа шолақ екен.
Бұл өмірден хан да өткен, қара да өткен,
Кім бар дейсің бар-жоғын ала кеткен.
Аңдып жүрген артыңда алдамшы ажал,
Қыл тұзағын мойныңа салады еппен.
Мұрсаң қайда сонан соң аялдауға?
Амалың не айлалы аяр жауға.
Қарман-дағы қамтып қал несібеңді,
Есің болса, ағайын, шамаң барда.
Салады өмір қиырға, шиырларға,
Қол созбасаң несібе бұйырған ба.
Жалпағынан жалғанды басып жүріп,
Армансыз өт, сыбаға-сыйыңды ал да.
Адам болсаң жіберме есеңді елге,
Есең кетсе түседі меселдең де.
Опық жерсің өлезге есең кетсе,
Ілінер жоқ қолыңа десеңдер де.
Ат бойыңды ала қаш сайқалдардан,
Қаскөйлігі қапыда байқалғаннан.
Жүрегінің түбінде жатса дауы,
Сайқал жандар шындығын айтар ма алдан.
Өмір жолы білгенге бұраңдылық,
Қас дұшпаның сыртыңнан тұрар біліп.
Сайтандары түртпектеп айтақтаса,
Балтырыңнан қабады бір әңгүдік.
Бетіңе әсте айтарын айта алмайды,
Кездескенде бетпе бет жайтаңдайды.
Сауысқанның сақтығы керек екен,
Сұқтанған жан ойынан қайта алмайды.
Ақ жалының өшсе егер бойыңдағы,
Жете алмассың арманға ойыңдағы.
Жалыныңның жалынан жармаспасаң,
Алар қайда кетеді қолыңдағы.
Адам болсаң адал бол жалыны бар,
Жалыны бар жандардың жанын ұғар.
Жақсы-ақ екен болса егер жарамды дос,
Жан сырыңның жасырын бәрін де ұғар.
Жақсылығын жақсы дос аямайды,
Салып берер ақылдан саяжайды.
Адал жолын баспасаң адамдықтың,
Маймөңкөлеп бетіңе қарамайды.
Білген де бар, осыны білмеген де,
Шыққаны ғой білгендер бір белеңге.
Ой мұхитын кеземін осы жайлы,
Отырғанда байырғы жер кемемде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter