Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  133


Автор: Райхан Ібінқызы

Туған жерім – бейішім

Туған жерім - алтын бесік бейішім,
Онан артық жоқ ойласам мен үшін
Бар дауыспен көтеремін төбеме,
Ешкіммен де жасаспай-ақ келісім.
Ол, мені алғаш төбесіне көтерген,
Оны неге дей алармын бекерден.
Іңгалап мен бауыр бастым бетіне,
Ол қарызым емес әлі өтелген.
Тұңғыш рет ауасымен дем алдым,
Демалдым да анадан нәр еме алдым.
Мүмкін емес демалуым ауасыз,
Сонан барып мына өмірге ене алдым.
Суын іштім ырысына қанығып,
Еркін өстім көк орманын жамылып.
Бейішімнен кейбір кезде шет жүрсем,
Сабырым кетер құзыр болып сағынып.
Туған жерім қасиетті бейішім,
Қажет десе барым дайын сол үшін.
Қашанда ол жаутаңдатпас біреуге,
Сарқылмайтын бар несібе кенішім.
Туған жерім теңдесі жоқ бейішім,
Көзбен көрсем көңілім шалқыр жеңісін.
Онан артық мерей бар деп ойламан,
Араласам мекендеген ел ішін.
Тауларына тамылжыған қарадым,
Қарадым да биіктерін санадым.
Биіктесем қасиетінен нәр алып,
Деп біреуін өз жаныма баладым.


Өзендерін зымыраған өлшедім,
Содан ұқтым ілгерілеудің мөлшерін.
Бөгелуді жақындатпас жаныма,
Дұрыс болды дәл сондағы өлшемім.
Қабылдадым айдан, күннен жарықты,
Содан білдім қараңғымен парықты.
Табаныма тас батса да қорықпадым,
Таңба болып табанымда қалыпты.
Араладым шалғай шебін, жақынын,
Сонан барып молықты аз ақылым.
Ауырлықты өзі үйретті жер-ана,
Жеңілтектік байқатпа, -деп ақырын!
Жазын көрдім жадыраған шуақты,
Болмағанмен жыл он екі ай тұрақты.
Қысын көрдім ақ қар, көк мұз құрсанған,
Байқамаса шәйнай салар құлақты.
Міне, осының бәрі білім алатын,
Ойлағанда ойыңа ақыл салатын.
Боз даланың боз торғайы қия алмай,
Айнала ұшып талдырады қанатын.
Жануар да қиып тастап кетпейді,
Аң, құсты айтсақ мекендеген беткейді.
Қысылтаяң өтсе де күн басынан,
Дегенмен де бұған еш жер жетпейді.
Бәрін-дағы көзбен көріп түсіндім,
Туған жерде сәті түскен ісімнің.
Жастық шақтан қарттығыма жеткенше,
Жүрегімнен жыр кептерін ұшырдым.
Туған жерім - алтын бесік бейішім,
Онан артық жоқ ойласам мен үшін.
Өмір бойы еріктімін жырлауға,
Бар әлемді таңғалдырған жеңісін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу