Өлеңдер ✍️
Көктем келіп қалыпты-ау
Құдай-ау, мына көктем қайсы көктем,
Қуанып тұрмын қалай, қай себеппен.
Осы мезгіл еді ғой былтырғы жыл,
Денеме аурудың ызғары өткен.
Бәлкім ол жаңылды ма есебінен?
Қалайша қатуланып келді өктем.
Тылсым ғой табиғаттың құбылысы,
Күндерді айтпайыншы өткен-кеткен.
Жоқ, мезгіл ауыспапты есебінен,
Түрегелсем ауыру төсегінен.
Мен үшін биыл көктем өзгешелеу,
Былтырғыдан (яки кешегіден).
Мәпелеп майда мінез таң самалы,
Бейне бір таңым аңсап көгім күлген.
Ақша бұлт, ашық аспан көп-көгілдір,
Тереземнен күлімдеп төгілді нұр.
(Төгілді нұр, жаныма себілді нұр)
Ритімінен адасқан мұнар көңілім,
Жел айдаған тұмандай сейілді бір.
«Шикі ет ауырмаққа» деген сөз бар,
Рухым сау, түсірмедім көңліме кір.
Қайран шабыт, жатырқап қалғансың ба?
Дәрмені аз қалды деп бел асуға.
Қолымнан қаламымды алмақ болып,
Өктем келді ауыру алғашында,
Түсе алмайды дедің-ау арман сынға.
Бұл дүние мәңгілік болмаса да,
Не жетсін түстік ғұмыр жалғасуға.
Не деген сүйікті еді өмір деген?
(Бір күндік саушылықтың өзі де өлең)
Әр күнгі балқып атқан таңмен бірге,
Көңілім тасып, ширайды әлсіз денем.
Ақ періште көңілі көктем жандар,
Күннен күшті жаныма жылу берген.
Жылу берген, сергітіп ғұмыр берген.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter