Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  427


Автор: Тұрсын Жолымбетқызы

Біз едік

Біз-біз едік,
Біз бір үйдің қызы едік.
Ата-ананың ізі едік,
Көнелердің көзі едік,
Әкемізден жас қалып,
Айтылмай қалған сөз едік.
Біз-біз едік,
Ерентаудың қызы едік,
Ерентауға еліктеп,
Еңселі өскен қыз едік.
Бір сабақтан гүл ашқан,
Қатарымыз жарасқан,
Тірлік басқа, бақ басқа,
Әрбіріміз әр кәсіптің шоқтығына жармасқан,
Текке кетпей талпыныс биіктерге жалғасқан.
Өршіл мінез қыз едік.
Біз-біз едік,
Боғда таудың қызы едік.
Тауға қарап талпынып,
Бет алысты түзедік.
Өмірден алып өнеге,
Өнер жолын іздедік.
Біз-біз едік,
Сахараның қызы едік.
Үлесіміз де бар халыққа,
Несібеміз де халықтан,
Кезіміз жоқ түзу жолдан тарыққан.
Ұлт дәстүрін көкірекке дарытқан,
Тасқайрат өскен қыз едік.
Еліктеуге ермеген,
Көштен қалып көрмеген,
Көрпеге қарай көсіліп,


Білмекке құлаш сермеген .
Оқу десе өлермен,
Өнегелі өскен қыз едік.
Біз-біз едік,
Бір анадан туған қыз едік.
Қырпуы жетіп қыр асқан,
Ынтымағы жарасқан,
Жақсылармен жанасқан,
Іргелі елдің қызы едік.
Ұлағат алып атадан,
Тәрбие алып анадан,
Туған елдің керегіне жараған,
Бір кірпіш болып қаланған,
Көргені бар қыз едік.
Біз-біз едік,
Заманымыз ашқан гүл едік.
Ата салтын сақтаған,
Ана сүтін ақтаған,
Жатжұрттыққа жаралып,
Жат босаға аттаған,
Жанұяны баптаған,
Ақылы дарқан ананы,
Пір тұтып өскен қыз едік.
Біз-біз едік,
Жолымбеттің бес қызы едік.
Қызды кілең тізбедік,
Қыз берген құдай ұл берген,
Бес қыз, бес ұл - он баладан,
Бұл күнге жеткен біз едік.
Амал бар ма тағдырға,
Аз ғана ғұмыр сыйлаған,
Әне сол аға-бауырдың,
Қасіреті қинаған,


Бәрін айт та бірін айт,
Ұл маңдайға сыймаған,
Қиын-қиын күндерде,
Өмірден күдер үзбедік.
Дәуіріміз арайлы,
Бақыт, байлық жинаған,
Қырымыз да сынбаған,
Әніміз де тынбаған,
Түйір нәр алсақ қоғамнан,
Ұлтымыз үшін арнаған,
Туған елдің үмітінен шығуды,
Армандандаған қыз едік.
Арман бастап алысқа...
(Түспесек те жарысқа),
От басына омалмай,
Өріс тапқан қыз едік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу