Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  354


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Балбалдар мен бабалар

Тақым мен арғымақ арқасын
Сынайтын сапарға тартатын.
Баһадүр бабалар азық қып,
Жанторсық түбінде малтасын.
Асатын құланжал қырлардан,
Өтетін өксіген сулардан.
Кететін көз жетпес далаға,
Сұлбасы созылып құмдардан.
Асынып бес қару-жарағын,
Тік ұстап бөрілі жалауын.
Беренгі киініп бел буған,
Жауының батырған баранын.
Жорықтан олжасыз келмеген,
Рухы ұраннан өрлеген.
Аспанға толтырып шанағын,
Кеңдіктен басқаны көрмеген.
Бабалар рухы жанымды жебейді,
Білмеймін балбалдар не дейді?
Ұрпағың барады адасып,
Серік қып сынық мұң, кем ойды.


Балбалдар бабалар басына,
Орнаған орны жоқ қазына.
Жаңғырық ойлантып тұр ане,
Саңғырық айналып шашына.
Балбалға бардың ба бауырым,
Сезініп сары қурай сарынын.
Бейуақ байғыздың балбалдан,
Естіп бір көрдің бе зар-үнін?
Киелі мекендер сатылып,
Тарих жылайды аһ ұрып.
Балбалдар күзеткен мекенді,
Белуарын топыраққа батырып...



20 сәуір 2014жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу