Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  143


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Жан мен тән

Тән құмары басылар,
Жан құмары сірә неден ашылар?
Жүзі сынық бұлдырайды бір бейне,
Уайым боп мойыныма асылар.
Тәнім жатыр бұл жерде,
Жаным ғапыл кетеді ұшып түздерге.
Жан мен тәннің ортасында сенделіп,
Жарамды умен, жүрмін емдеп тұзбен де.
Ес шығарып ескі үміт,
Сәуірік шақ шауып барады осқырып.
Қой бағу да, ой бағу да естілік,
Қой қалды,
Ойды жібердім мен бостырып.
Уақыт жасты ұрлайды,
Дауыл болып долданады дүр қайғы.
Артта қалған арман, ойым кешегі,
Көкжиектен орамалын бұлғайды.
Жүрек тулап асаудай,
Сызданады қопарылыс жасардай.
Үріккен ой біріккенде жарылар,
Бірақ келем жан мен тәнді қоса алмай....



қараша 2011ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу