Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  131


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Соңғы рең

Шытқыл мұң сыздатып ауаны,
Саулайды сұмдықтың сауалы.
Сарқылып сабыры санамның,
Көзіме көлеңке жауады.
Көлеңке жалғыз көз, мұрны имек,
Қойныма тығады түнді илеп.
Кешкі асын ару боп ұсынған,
Алдымда жезтырнақ жүр билеп.
Асуда нарымның шомы ауып,
Дүлдүлім арқаннан жоғалып.
Көр шатқа кіргізген бейуақ,
Ескірген соқпақтың сорабы.
Еңсеме мінгесіп ескі мұң,
Ұзақ таң,
Жаныма жоқ шырым.
Кәрі жел құсады бұрқасын,
Баса алмай баяғы өксігін.
Сүйеді сұп-суық ернімен,
Көшеді дүние көлбіреп.
Көзімнің қарасы көретін,
Қара түс болғасын соңғы рең.


Жер басып, жаныммен жел мінем,
Шатқалға бамаймын енді мен.
Қара түн, аппақ тау басында,
Жолығам сенімен соңғы рең...



4 ақпан 2011ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу