Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  133


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Сағымдай сүңгіп кетер ме ем...

Сағымдай сүңгіп кетер ме ем,
Құла құланды құбаға.
Шабдарға мініп шаңдатып,
Жұманы жалғап жұмаға.
Іздеген жоқты таба алмай,
Құласам қаңсып тұмаға.
Молаға түнеп мүжілген,
Ақ сүйек болған әруақты,
Орасам аппақ дұғаға.
Адасқан түзде бір күнге,
Қалада өткен сергелдең,
Мың күнім мүлде тұра ма?!
Иенде жүріп адасып,
Мүрде боп кетсем мүбәда.
Көкжалы жер еді далның,
Көк Тәңірге жақын сірәда.
Қалада өлсем кебінсіз,
Тастайды теуіп жыраға.
Жалынсыз жанар, жарлы үміт,
Хәлді жоқ ешкім сұраған.
Зарығып жеткен сағыныш,
Құлагердейін құлаған.
Айран жоқ ішер ағызып,
Мұртымды малдым сыраға.
Ақиқатымның санына,
Қыл бұрау салып бұраған
Қоғамба, әлде, қала ма?!


Жүрекпе, мен бе жылаған?!
Қайтейін қатал тағдырды,
Арылмайтұғын шүбәдан.
Қиын ғұмырды сұрамай,
Тиын ғұмырды сынаған.
Өртеніп бір күн тынармын,
Жер шарым тұрсын дін аман!
Екі дүние бетінде,
Өлмейтін менен жыр қалар.
Томпайған жалғыз бейітте,
Ашылмайтұғын сыр қалар.
Кілкітіп сағым алыстан,
Жатады онда сұлбалар...



20 желтоқсан 2008 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу