Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  92


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Мәңгілік

Тылсымы тым ауыр күйге еніп бір мұңлық,
Түздерді кеземін түндерді түнге ұрып.
Түн сұлу абайсыз қолынан түсірген,
Ай – алтын табағы қырқадан
дөңгелей жүгіріп.
Сұлбасы қырлардың ұзара түседі,
Көлеңке сайларға сыналай сұғынып.
Көк Түрік бабамның көкбөрі рухы ма,
Әліде бір дауыс құлақта тұр ұлып.
Керуенін мәңгіге доғарған тауларым тізіліп,
Тәңірге тағзым етеді жүгініп.
Артында таулардың шалынып шанда бір,
Шақырып тұрады шалғайдан құз – үміт.
Жұлдыздан бір сәуле үлбірей үзіліп,
Тамырға тамады,
Қаным да кетеді қызынып.
Сан ғасыр тұяғы таптаған керіштер,
Кеудемнің бүршігі баратқан мүжіліп.
Қырқардай созылған қырқалы құмдықтар,
Татарып жатқан тек жанымның төзімі.
Қан-жоса болайын табаным тілініп,
Туған жер тасыңа сүріне жығылып,
Қасиетті қайран жер мәңгілік тұғырым.
Таулардың артында қылтиған құз – үміт,
Мен саған жетемін ұшқанша шыбыным.
Сосын кіл кетеді мәңгілік өзіне
Өлмейтін мәңгі ғып сіңіріп…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу