Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  122


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Жоққа айналғам және де сағым қайғым...

Жоққа айналғам және де сағым қайғым,
Еш нәрсесін өмірдің сағынбаймын.
Мен мынау елде жоқпын, жерде жоқпын,
Мені іздеме ешқашан табылмаймын.
Күлге айналып күйрегем, күйіп кеткем,
Көз саламын тек қана биік көктен.
Әуре болмас ешкім де көрді қазып,
Өз қабірімді қолыммен үйіп кеткем.
Сен де маған жылама өлді екен деп,
Мен ұшқанмын.
Жайым жоқ жерге сенбек.
Таба алмайды ешкім де тірлігінде,
Бұлдыраймын мәңгілік «Көл ме көл» боп.
Ажал үшін тек қана сауға денем,
Адам үшін тек қана сауғам өлең.
Мәңгіргенше мініп ап мұңлы айға,
Көкжиекке барып мен аунап өлем.



5 қараша 2006ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу