Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  108


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Өкінбес едім

Сабыры бітіп, сайқалдық басын көтерген,
Қоғамнан мынау құтылғым келеді есі өлген.
Шерге толы шемен ғасырдан шегініп,
Ықылымдағы ың - жыңсыз өмірге кетер ме ем.
Тауына мініп,
Сол шақтың жұтып ауасын,
Бұлағын ұрттап, бұрқыратып өтіп даласын.
Кезіп бір келіп, кешкісін кереге жартасқа,
Өлең қашасам кірпіктеріме шам асып.
Жаппамды тігіп, жапан далаға от жағып,
Шаңырағымнан шашылса шолпан шоқтанып.
Қақаған қыста қасқыр ішікті қаусырып,
Отарға шықсам оқталып.
Дала да өлең,
Аспан да өлең,
Су да өлең,
Өзінен өзі гулеген.
Лаулаған өрті жаулаған еркін адамдар,
Көрмесем күнді біреуді - біреу күндеген.


...Өкінбес едім туылсам сонау ғасырда,
Әлдеқашан айналар едім жасынға.
Мынау күндегі алдамшы тірлік адыра
Қалар еді ғой қасымнан...



11 қараша 2004ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу