Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  95


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Ғайып боп елес, алда арман...

Ғайып боп елес, алда арман,
Жапанда қалды сырбаз ой.
Секем ап сезім самдардан,
Қалтырап тұрды тұла бой.
Түнерді бұлттар тау құшқан,
Шамасы келмей қимылға.
Шаншылып сұңғақ тауда ұшқан,
Көрінбей кетті тұйғын да.
Мұнарға шомды бар өңір,
Мүлгуді сірә құптаған.
Орманның табар бар емін,
Желп етер жел де шықпаған...
...Жеткенде шегі тынудың,
Төгілді нөсер ғажап - ай.
Үдетіп боран гуілін,
Аспанды осты нажағай...
...Сызданса жаным бұл күндей,
Сірә да оған күш жетпес.
Нөсерлеуім де шын сыр ғой,
Өмірім табиғат іспеттес...



Мамыр 2000 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу