Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  94


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ЖЕР ЖАНАТТАЙ...

Жер жанаттай...
Аспан мөлдір көкпеңбек!
Жерге қонған ақша бұлттай бөктерлеп,
Көк көйлегің –
Көз ұшында көлеңеп,
Көктөбеден ұшыратқам көктем кеп,
Отырғанда өңшең сері –
Сал ақын,
Сауық құрып,
Жырым қағып қанатын!
Тебіренбей тынып жатқан теңізім,
Дәл сол күні –
Қайта оянған болатын.
Қара шашың –
Сол баяғы қара түн!..
Қара түндей қанатымен жабатын.
Жатағыңа таң алдында қайтқанда,
Вахтер кемпір –
Есік ашпай қоятын.
Күңкілдесе: «кетті ғой – деп, – түн ауып»,
Сен де онша жалынбас ең сұранып...
Айтпасақ та бірімізге-біріміз,
Ішімізден қалатынбыз қуанып.
Өшпес үміт,
өлмес арман қайдағы...
жүрек аңсап,
жұрты тозған жайлауды.
Махаббатың қайығы енді өте алмас,
Он жыл деген –
Он мұхиттың ар жағы.
Сүмбіледей сұрғылт тұман жамылып,
Сені ойлаумен айлар өлді аңырып...
Сен де мендей –
Жалғыздықтан жабығып,
Келдің бе екен,
Көне күннен сағынып?
Жүрек шіркін!
Жоқ нәрсені малданып,
Ақша бұлтым оралар деп айналып...
Анда-санда ақ көйлекті қыз көрсем,
Өзің бе деп,
Жүрем ылғи алданып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу