Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  89


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ӨТЕДІ КҮНДЕР ЖЫЛЫСТАП...

Өтеді күндер жылыстап,
Арайлап атып ақ таңдар!
Сыбдырлап кешкі тыныш бақ,
Адамдар шырақ жаққанда...
Күркіреп өзен таулардан,
Толқыны тасты сабалап.
Ымыртта...
Кешкі жайлаудың,
Маң төбеттері абалап.
Көп ойнап қалып далада,
Ұрысар деп шешей кінәлап.
Жаңа бір түскен келіндей,
Жабықтан бұғып сығалап...
Жаңғырып мылқау шың іші,
Өлкенің бойын қой қаптап.
Шыбжыңдап қашқан шыбышты,
Текешік қуып...ойнақтап!
Сонан соң әкем –
Мал жайлап,
Торымен шабан тепеңдеп,
Қанған соң шайға бал қаймақ,
«Атымды тұса, Зекен!», – деп.
Бағылан еті бүлкілдеп,
Қазаннан ақ бу ататын.
Қарамай етке ұйқым кеп,
Асығым санап жататын...
Сағындым сол бір шағымды!
Самала жұлдыз жанғанда.
Жапыра кешіп шалғынды,
Көбелек қуған сай қайда?
Жайлауға ел көшкен шағында,
Шапқылап торы құнанмен...
Жауқазын қырға тағы да,
Жалбаңдап шауып шығар ма ем!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу