Өлеңдер ✍️
КӘДІРДІҢ КҮМІС МЕДАЛІ
Маужыраған көктемнің бір күні еді,
Қырда алаулап,
Күнікей күн күледі!
Жыл құсына ілесіп ЖЕҢІС жетті!
Қырдың өңі –
Ұялған қыздың өңі...
Ойнақтатқан көктем бұл жас лақты!
Қуаныштан –
«Қарғыба» тасып ақты.
Таңнан тұрып,
Қылқиып жол қараймыз,
Төр алдында шашылып асық жатты...
Алғашқы боп оралды қара Кәдір!
Мәре-сәре аз ауыл қамалап жүр...
Астындағы тал аты алып қашып,
Басқа, көзге төбелеп,
Балалар жүр!..
Самала қыр –
Сағыммен ереуілдеп,
Елестейді көзіме,
Көне күн кеп.
Рақыш шал шыбышын сойып жатты:
«Бар ауылға той істеп беремін!», – деп.
Шыбыш еті қазанда бүлкілдеді,
От жалыны алаулап түн тіледі.
Іргесіне әжемнің жатып алып,
Қазанды күте-күте ұйқым келді...
Осылайша алғашқы той басталды!
Қуанышқа аулымның толды аспаны.
Төсіне медал таққан қара Кәдір,
Құжыраның төрінде жамбастайды.
Еш жанның болмаса да
Таласы жоқ,
Басқарма өзеурейді қара су боп...
«Пәшісті көп қырсаңдар, пәнимәй Тебінедіш...
Осындай күміс медал аласың!», – деп.
Күміс медал!..
Мен үшін арман-дағы...
Кәдір отыр күлімдеп,
Жанған бағы!
«Əй, қоймайды!.. Ауданға алады!», – деп,
Басын шайқап отырды шалдар жағы.
Қалғып кеттім...
көмескі енді ар жағы...
Бірақ, ала қоймады аудан-дағы!
әлі есімде Кәдірдің
шақай тартып,
Сайында «Майса» таудың қой жайғаны!..
Шаруасы жоқ десек те сұмдықпенен,
Балада да жетеді
Қулық деген!..
«Қой аузынан шөп алмас» Кәдекеңнің,
«Пәшісті қырғанына»
күдіктенем!..
Тау жаңғырып,
Тас жанған сүреңіне,
Күркіреп мініп шығар күреңіне,
Үш қайнаса – сорпасы қосылмайды,
Ертектегі батырдың біреуіне.
Торғайдай дауысы бар шырылдаған,
Тұрпаты тұрымтайдай – қызық адам!..
Осыдан өліп жүрген пәшістердің,
Ауысқанға ұқсайды миы маған...
Қуратты – қоңыр күз кеп...
Жаздың көгін!
«Шұбарда»...
Сары ала боп,
Бас жарды егін.
Қарғадай боп шаңтастың атын мініп,
Мен де алғашқы еңбекті бастап едім!
Мың салсаң,
Бір баспайтын шабан-шардақ,
Шу-шулеп,
Тебінеді бала зарлап...
Қара басып,
Қырманда ұйықтап қалып,
Шырылдатып біркәдір жүрді сабап...
Алысуға дәрмен жоқ...
Қаным қайнап!
Бұлтартпайды тор күрең омыраулап!
Жан мұрынның ұшына тақағанда,
Кәдір келді бір жақтан құдай айдап!
Болғанда бірі жаяу,
Біреуі атты...
(ызасы аттылардың талай батты).
Ат үстінен тымақтай аударып ап,
Кәдекең
Біркәдірді сабап жатты!
Өңі өрт өшіргендей ...
Қарасұр боп:
«Менен ал, мықты болсаң...
Аласың көп!
Əкесі пәшістермен соғысқан жоқ!
Баламды бригадир сабасын деп!».
Қара бұлт түнерер жай тастарда!
Ер жүрегі оянар...
Айқастарда!
Əжейлер біркәдірдің бетін жуды:
«Кәнтөжінде нең бар, – деп, – байқұс бала!»
Өтті өмір...
Қас пен көздің арсында,
Жыртылды талай көйлек жағасы да!
Айқай сап,
Үйден шығар Кәдекең жоқ:
«Тиме –деп, – фронтовик баласына!»
Төске сап мені де өмір...
Сан шыңдаған!
Шындығыма бас тіккем,
Тартынбағам!
Жүрегімде ерлердің рухы жатыр!
Кәдірдің медаліндей жарқылдаған!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter