Өлеңдер ✍️
ЖЕҢІСТІҢ НАНЫ
Соғыстан соңғы...
Ашаңдау жылдар алғашқы!
Қарсы алды ауыл
Соғыстан қайтқан солдатты!
Көкөзек болып,
Жеңісті көрген тірілер,
Тірлігін істеп,
өмір жалына жармасты.
Аз астық бітіп,
Қағылып қалған қап түбі...
Тозығы жеткен жүрмей тұр колхоз тірәктірі!
«Жер кеуіп кетсе, тұқым көктемей қалар!», – деп,
Бригадирдің жүргені ылғи аптығып!..
Түлік тұқымы –
әжемнің қоңыр сыйыры.
Төрт емшегімен –
Асырап тұрған бір үйді!
Быйылғы қыстан тұралап қалған қалпы бар,
Жалғыз бұзаудың –
Уыздан шықпай бүйірі...
Ұзақты күнге –
Шіркіннің жағы талмайды...
Қараңғы үйде,
өзегі талып зарлайды!..
Жұмыстан қажып,
Кештетіп қайтқан әжемнен,
Нан сұрап мен де
Үдетуші едім «бай-байды!»
Аузымыз аққа
Тие бергенде жер көктеп,
Біркәдір жетті: «Соқаға жегу керек!», – деп.
«Көтерем еді, обал болар, – деп, – қарағым!»
Ойбайлап әжем...
Жолатпай жүрді безектеп!
Обал-сауапты шолақ белсенді сезген бе!
Аз ғана ауыл у да, шу болдық өзенде...
Бес-алты қара...
Ішінде қоңыр сыйыр бар,
Жаудан түскендей жапыра қуды кезеңге!
Кешкісін әжем әрженің түбін қағатын,
Соңғы уыс ұнын...
Умаш көжеге салатын!
Жұбатпаса да кенеуі кеткен қарынды,
Ар жаққа ел қонып,
«Арқаржалақ» боп қалатын...
Маңайды шымқап...
Түксие төнсе қара түн!
Қара күпісін
әжем де маған жабатын...
Əйнектен алыс,
Жұлдыздар жымың қағатын,
Қара қазаннан қабарып шыққан қармадай,
Көктеме айы –
Аспанда асыр салатын!
Ұйықтап кетемін...
Қатырып қиял сілемді.
Түсіме енді өзгеше өмір кіреді!..
Қоңыр сыйырым –
Қарайлап қойып ауылға,
Қайқая тартып бара жатады түренді!
Молқор диқандар –
Уыстап ырыс шашады!
Даланың төсін алтын толқындар басады.
Өшкені жанып...
Майданнан ұлы оралып,
Əжем май жағып,
Тоқаш пісіріп жатады...
Нанның иісі...
Қытықтап танау жарады!
Ойланып тұрмай,
Зекең де қолды салады!
Қара басқанда біреу дағы ұстатпай,
Қызыл тоқаштар...
Томпаңдай қашып барады!..
Өксік қысады...
өкпелеп қалған баланы.
Өкпесі өшіп,
Бала да барын салады!
Қызыл тоқашым...
Қол созған сайын жеткізбей,
Қызыл Күн болып,
Көкжиек асып барады!
Ояна келем...
Жастықты жасым су қылып,
Жадырап аспан,
Жаудырап жатыр қыр күліп!
Бозторғай жырлап,
Жеңістің жырын тауыса алмай,
Қоңыр сиырым...
Жер жыртып жатыр тырбанып.
Жер жырттық талай!
Трактормен,
Я, өгізбен...
Ырысы елдің – теңелді енді теңізбен.
Қоңыр сиырым –
Бәрінен соның күшті еді,
Алғашқы рет – Жеңістің НАНЫН жегізген!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter