Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  121


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ҚЫЗДЫҢ ИІСІН, ҚЫМЫЗДЫҢ ИІСІН САҒЫНДЫМ...

Тарбағатайдың тобылғы сайын көрдің бе,
Тарғыл тасында торы құнан мініп желдің бе?
Қыз күтіп тұрып, қымыздық өскен сайлардан,
Қыздың ерніндей, қызыл бүлдірген жедің бе?
Бүлдірген үзіп жемесең, досым, баралық!
Торы құнанға күміс ертоқым салалық.
Қымызды ауыл Майса тауында отырса,
Балалық шақты тағы бір еске алалық...
Ол кезде ауылым –
Қарғыба өзен бойында-ай!
Жастықтың оты...
Тұра ма қызға бой ұрмай?!
Ақсуат қызы – көздері қара мойылдай!
Мойылды тердік...
Қымыздық сайда тойынбай.
Аққу армандар жетелеп мені күнге өрлеп,
Күміс жүгенді торыға көптен мінгем жоқ.
Қымыздық сайда –
Қымыз аңқыған сол қыздың,
Қызыл бүлдірген ернінен көптен сүйгем жоқ...
Аққу армандар!
Жетелеп мені күнге өрлеп.
Көп болды көрмей...
Ай менен күннен жаңылдым...
Аңсамас дейсің,
Алаңсыз жастық шағын кім?
Қайда екен, сол қыз?
Хабарын, досым, алып кел,
Қыздың иісін...
Қымыздың иісін сағындым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу