Өлеңдер ✍️
Жоқ Ару
Бар аруға ғашық болсаң, жоқ Аруға ғашықпын,
Түр түсі жоқ тылсымға мен әрқашанда ашықпын.
Енді менің өміріме хикметті Жоқ Ару,
Енді маған болмайды екен құрып кету, жоғалу.
Маған айтты: Әшки киме, диоптрияң өтірік,
Жарық дүние алдамшы ол алдап кетер көпіріп.
Ішкі көзді тудыр, ақын, сыртқы көзің құр тесік,
Талай сырлар, талай жырлар таңдайыңды тұр тесіп.
Сыртқы көзің көреді де жасқанады зорлықтан,
Ішкі көзің қорықпайды ешбір жәбір, қорлықтан.
Сыртқы көзің көрсе қызар, ұмтылады әр неге,
Ішкі көзің қанағатты қолындағы барменен.
Өзі жоқ боп ішкі барын көбейтеді ылғи да,
Жылжымай да, кейде жылжып, кейде тіпті ызғи да.
Түнде келіп шақырса егер, құшағымды жаямын,
Жоғалады түнге еніп, тауып алып сая мың.
Біреулермен сөзге келіп, шапшыса қан басыма
Ол үн-түнсіз жұбатады келіп менің қасыма.
Шөлге барсақ көреміз біз қанағаттың үлгісін,
Дәруішті шөлге сіңген құм-құм болып түр түсі.
Аш та болса, нас та болса жоғалтпаған ол есін,
Қасында оның аштан өлген бөлтірікті көресің.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter