Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  1065


Автор: Әуезхан Қодар

Шоқанның монологы

Петерборды тұман басқан, танымайсыз еш затты,
Адамдарды, күймелерді, күймедегі бекзатты.
Нева алаңы тасқындаған цилиндрлер ағыны,
Жортар ма еді кең даламен ерттеп алып тез атты.
Жортар ма еді бикештерден тым жасанды алыстап,
Есектерден мундир киген айдалада қалыс қап.
Петерборым, кешір меня, бұлдырсың сен мен үшін,
Ниетіңді түсінбедім жақындатпай танысқан.
Бәрі бұлдыр: боданымын Ресейдің мен неге?
Қайда орыстың ұлылығы дем беретін пендеге?
Жүрмін жалғыз қала кезген қорқау қасқыр секілді,
Қонақ болып көрінуге тырысқандай сенделем.
Мен бөтенмін, оның да рас, бірақ түбі сендікпін,
Елім менен, қара орыстан, шошынудан ентікті.
Қандастарға болсамдағы бір жұқпалы аурудай,
Мен елімді жетелеймін ой жолына ең мықты!
Толғақ қысып кәрі әлемді әбден болып-толысқан,
Босана алмай жатыр әлем, ешкім оған болыспай.
Жазығым ба мұрт жіберіп, эполетті таққаным,
Қазақ үшін мен кәпірмін, жабайымын – орысқа.
Жан-жағымда жүрер жер де, басар тау да тарылды,
Шыңдар ғана сүйіп мені, түсінеді барымды.
«Мәңгілікпен салыстырсаң дүние деген түк емес!» -
Деп бір ақын жұбатады жас болса да, дарынды.
О, дәуірім, қайдасың сен, иық тосып, демеші,
Сұр тұманда майып болған көптің бірі демеші.
Жез аттылы Петр патша атын, әні, орғытты,
Тұяқ қояр орын таппай қалықтауда елесі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу