Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  93


Автор: Әуезхан Қодар

КІШКЕНТАЙ АЙМАНҒА

Қызым менің! Сен мен үшін шежшреден кемсін бе?
Саған қарап, мен тарихтың жазба түрін менсінбен.
Саған қарап, көремін мен Керулен мен Орхонды,
Қос өзеннің құты қонса, саған бақыт мол қонды.
Саған қарап, көремін мен Қазан және Еділді,
Сені білмей, тарихшылар нені жазды, не білді?
Саған қарап, көремін мен Қазтуғанды ар дарын,
Шекелері бұдырайған менің құрттай сардарым.
Саған қарап, көремін мен бұла кезін Абайдың,
Сап-салмақты, кірпияздау, зейін көзді абайлым.
Атаң сенің Сыр елінен, тірегі еді елінің,
Ерте қайтып, көре алмады немересін, келінін.
Әбдіраман − атағы бар, бір аймақтың сөзгері,
Ашуланса, кетеді екен қып-қызыл боп көздері.
Терең Өзек мекенінен мезі қылған "бұл кім?" деп,
Қармақшыға көшіріпті «алтындарды» бір түнде.
Енді жатыр жермен жексен, ескерткіш те жоқ мүлде,
Ең болмаса, айта берер, бұйырмапты шоқ гүлде.
Гүлді қайттік, гүл орнына сені берді орын ғып,
Аяқ-қолы едірейген, ербең құлақ орындық.
Қайталаумен бет-бедерін, қас-қабағын айнытпай,
Атаңдыда тірілттің сен, көктен түскен Ай құрттай.
Шындық – сенде. Сөйле енді, жазайық біз елжіреп,
Жәудіреген, гәудіреген, ауызы аңқиған шежіре.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу