Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  82


Автор: Әуезхан Қодар

ЗӘМЗӘҒА

Дарытып біздің жанға емді,
Қырыққа толдың Зәмза енді.
Қасыңда біздей шалың бар,
Аймашка деген балың бар.
Береке керек болса егер,
Ал, достар, ұрттап қалыңдар!
Осыдан он жыл бұрын мен
Қуанттым сені жырыммен.
Сейілді сосын арнауым,
Таңданды бұған бар қауым,
Зәмзамдай жары бар адам
Қойды деп неге сарнауын?
Бұрқасын толы жылдарда,
Біз астық неше қырлардан.
Дәм татып шаттық, ашудан,
Аса алдық неше асудан.
Сонда сен маған бас болдың
Сақтаған асып-тасудан.
Қолымда найзам жарқырап,
Көрінді тарлау бар тұрақ.
Ешкімге көңлім толмады
Бар бақыт болып жарты бақ.
Мұңым мың және жүгім мың
Екенін тек сен ұғындың.
Достарым көп боп дүр қасы
Көкірегімізде жыр тасып
Жүруші ек бөлек елдей біз
Ендігі досым ұрғашы.
Бірі өлді, бірі ығады,
Тек Зәмза маған шыдады.
Зәмзаның ыстық жүрегі
Тек мені сүйіп түледі.
Қырыққа кепті байқамай,
Жарына болып тірегі.
Зәмзәгүл үшін алайық,
Мен сүйем оны, халайық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу