Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  108


Автор: Әуезхан Қодар

Мефистофельмен кездесу

1
Телпегі бар басында құс қанатты,
Мефистофель кіріп кеп, сұс таратты.
Қойынында екі күшік – сөз бастады
Оңды-солды фюрерше нұсқалап бір:
«Ой табынан, сірә да, түсің кішік,
Парасатпен сөзімді түсін, пішіп
Құпия сыр арқалап саған келдім,
Фаустпен жүре-жүре ішім пысып.
Тереңдеп талай тылсым тұңғиыққа,
Періштедей боп кетсем мұңға ұйып қап.
Сол Фаустың кесірі... Сайтанмын ғой...
Мен басқа жан іздемеймін құн тұықтап.
Ұзамаған Табиғат аясынан,
Дәріс алып ханынаң қарасынан.
Сіздің халық өзгеше көрінеді,
Бақытсыздау адамзат баласынан.
Сәні емес пе өмірдің кетіксіз жер?
Жер жыртудың таппапыз ретін сіздер.
Сіздің сонша бауырмал болғаныңыз,
От пен күнге табынып өтіпсіздер.
Күннің көзін жоғалтпау игі арманы.
Күн нұрына халқыңыз күй арнады.
Құл ұстамай өтті ол тарихында,
Құлшылыққа өзін де қия алмады.
Болмапты ғой сіздерде бос сүйісу,
Амандасады екенсіз төс түйісіп...
Тазы салып затсыздық іздесе де,
Кеудеңіз тек даланың хош иісі!»
Іздеп жүріп «құпия әлемді» елден,
Румдықтар, қытайлар – бәрі емделген.
Алыстан алты жасар бала келсе,
Алпыс жасар қария сәлем берген.
Ұлттар аз ба дүниеде еш ырымсыз?
Досқа адал, ал жауға кешірімсіз,
Жолатпапсыз кіршіксіз жаныңызға,
«Күмән» атты тірліктің кесірін сіз.
Ал мен болсам – сол сұмның түлегімін,
Сұмпайы ойдың қасаңдау жүрегімін.
Дегенменен көз жетпес түкпірімде,
Диуанадай жымиып түнеді мұң.
Сүйсінерлік таба алмай ештеңені.
Естеріңе жабысқан ес-кенемін.
Сократты мен шаққам бесігінде.
Кеше алмасаң, түкірдім, кешпе мені!..
Сол Сократ – алғашқы Христосың,
Христосқа сенбесең, дұрыс, досым.
Мен ұйреткем адамды тағам жеуге,
Бал-шырынның орнына бұрыш қосып.
Адам содан жетіліп тулеп еді –
Жиырмасыншы ғасыр боп түрегелді.
Алдар Көсем ышқыртқан байғұс қой деп,
Мына маған данадай күледі енді.
Өсімдігің өспесін ексе не ғып?
Жетілудің мәнін кім екшеп еді?
Адам қазәр қазымыр Фауст құсап,
Өз-өзін де тыншымай тексереді.
Тексеруге негіз бар: парықташы
Ұрынды ғой сұмдыққа барып ғасыр.
Жан алқымы мұрнына тірелгенде,
Өз-өзінен кетеді халық тасып.
Заманыңы сенімді артасың зор,
Қалу керек аңқаулық партасында ол.
Ақырзаман егерде көргің келсе,
Ғасырыңның сүйікті картасын көр.
Жаратқанды мәз ғып ед қай таң күліп,
Адамзат зиялы деп қай тантуы?
Харам бәрі – көк жері, теңізі де,
Сайтан кірер қалмады сау тамтығы.
Содан маған маза жоқ, мархаббаттым,
Вирустердей мені де маркалаттың.
Соғыс пен СПИД-тердің көсемі деп,
Парықсыздау лақапты арқалаттың.
Бірақ мендей дүлейге жұға ма мін?
Маған келсе, алдайды құмалағың,
Бұдан да өткен адамзат жасасам деп,
Мен түтіктен маймылдар шығарамын.
Дегенмен, сайтан алғыр, өнбей ісім,
Адам болмау оңай ма, сен де түсін –
Маған қазір бірдеңке керек боп тұр,
Тозып біткен жүйкені емдеу үшін.
Қыбырлаған әлемде жоқ тірегі,
Қарғыс атқан қашаннан көп тілегі.
Маған қайта түлеуге қажет боп тұр.
Нәрестедей адамның көкірегі.
Қайтармассың бетімді, ақынсың ғой...
Киесіне сезімнің бағынсын ой.
Өз ұғымың бойынша, адам түгіл,
Сайтанға да бауырдай жақынсың ғой.
Нұр жауады дегендей талаптыға.
Мен өзім тиіспеймін – қарай тұрам.
Сені, сұлу жаныңды алу үшін.
Күшіктерге момақан талаттырам.
Қуанар ем, қайтейің, түсің сынса.
Желік үшін есіру кісіге ынсап.
Сайтандықтың жетілген ғажап түрі –
Бумерангтай күш емес, күшік жұмсау...
II
Байқадым мен – үнінде күрсініс бар,
Қанша ғасыр жалғыздық қысып ұшқан...
"Қалағаның болсың – деп, құтырығым", –
Оп–оңай–ақ келістім ұсынысқа.
"Алсаң – ал, – дедім оған– көк тірегін.
Көк тіреуге жарайды кқкірегім.
Дәл осылай өзің кеп қиялмасаң,
Жаратулыға дап–дайын боп тұр едім."




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу