Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  242


Автор: Әуезхан Қодар

Тәңірдің салтанаты

Қар жауып тұр ұлпалап, балалаған.
Қардан өзге құбылыс ала маған.
Әппақ түрге енгізіп бар дүниені,
Өзге ешбір бояуды қаламаған.
Ақша қарсыз қиын-ау қара жерге,
Жер дарынсыз, сүйенген қара терге.
Қар жауып тұр – тәңірдің ордасынан
Жерге дейін шұбаған дара перде.
Кім біліпті жауарын, кім күтіпті?
Борай-борай кім оны ытқытыпты?
Ақ түйенің қарыны жарылғандай,
Түгесілмес сыңайы мықты, тіпті...
Ағаштардың бұйралап самайларын,
Ақ мамыққа жер-көктің қамай бәрін.
Қар жауады шақырып ерулікке
Ерен ерлер Доспамбет, Мамайларын!
Қар жауады жасырып қара түсті,
Ақ кірпікті жан-жаққа тарады ұшқын.
Қара басып бұл әлем шатысқан соң,
Хақ ісіне Тәңірі ара түсті!
Шыңға шыққан шыршалар – үйме жасақ,
Төбелер мен дөңдерден күйме қашап,
Қар жауады дұғалап Жер мен Көкті,
Тәңіріше жаңадан дүние жасап!
Жаңа Ғасыр, Жаңа Жыл, Жаңа Дәуір
Қанатындай, қалқып қар жауады ауыр.
Бар тірлікті мүлгітіп зор ұйқыда,
Тербетеді үн-түнсіз шала дауыл.
Үнсіз әннен дүниеде ән аз асыл,
Туындатып жаңа ырғақ, жаңа нәсіл,
Ақ ұлпалар жауады «Әпсүн» оқып,
Көнеліктің шығарып жаназасын.
Қоныс қылып әлектр бағанасын,
Шыныменен келдің бе, Жаңа Ғасыр?!
Тамашалап тұрғандай сезінемін
Көнелік пен жаңаның жағаласын.
Өлшем бар ма өткен мен болашаққа?
Бола алмай жүр болашақ, бола сақтап...
Бас иеміз біз түбі сол тентекке,
Қар мен мұзға, әзірше, орасақ та?
Болу, болмау Тәңірдің хұзырында.
Қыдыр көрсең, қадірле, тыжырынба.
Қар астында қалса екен мәңгілікке
Келте шешім, қортық ой-тұжырымдар.
Қар жауады құралған мың ұлпадан.
Дүниедегі ең жаңа, тың ұлт – адам.
Әлемдегі бар ұлттар, бар нәсілдер
Бір әлемдік жаралған жұмыртқадан.
Ежелгі сол бірліктен бал таматын,
Дін мен діл деп соны ата, жалтаң ақын.
Жаңа жылда қар жауып, әйгілеп тұр
Тәңірінің таусылмас салтанатын!
II
Тәңірі бар ел едім мен, Тәңірім қайда?
Тәңірі жоқ әмірлердің әмірі майда.
Қағаны бар ел едім мен, қағаным қайда?
Қағаны жоқ тәңірсіздің талғамы майда.
Елдігі бар ел едім мен, елдігім қайда?
Күркіреуші ем күн көзіндей, ендігім майда.
Түнгі ұйқымды төрт бөлуші ем, баяны қайда?
Сегіз қиыр шартарапты баяғы қайда?!
Басы барды еңкейтуші ем, қарғады ма екен?
Тізеліні бүктіруші ем, жалмады ма екен?
Жоқ, әлде, бір жансақтықтан кұт қашты ма екен?!
Тәңірімді ұмытқан соң жұт басты ма екен?!
Күнім менің қиыр-шиыр тарыла берді...
Қалай жатам риза болып барыма енді?
Күн тарылса, кенейтемін, күннің ұлымың!
Түркіліктен тана алмаған үннің құлымын!
Мен түркімін үнсіз кеткен, жалай мұның, рас!
Жоқ болудан бар болуды қалайтыным рас!
Жыртқыштардың әлсіздерді талайтыны рас!
Бар болудан нар болуды қалайтыным рас!
Мен түркімін түрткі болған бүкіл әлемге,
Қол-аяғын бүрңстірген бүкір әлемге!
Менің туым желбіреді Ұрым-Қытайыңда,
Бұрынырақ оянған соң бұрын ұпайым бар!
Кеңістік пен уақыттың еркесі болдым!
Жаңа оянған адамзаттың серкесі болдым!
Қашан, кәне, кеудемдегі жан "бұғам" деді?
Тозағың мен жұмағың да қанжығамда еді!
Мүмкіндіктің молшылығы ойды жалғады,
Ешбір құдай "қой" деген жоқ, қойдыра алмады.
Қойдай бағып халықтарды, "қойдың көсемі",
Шеқараға татулықтың қойдым төсегін.
Ғұннан бастап, Шыңғысхан мен Темірге жеттім,
Құт қашқан соң, естен танған өмірге жеттім.
Тарыдай боп шашылған соң, әркімге жеммін,
Өз тұрағы, өз құрағы бар күнге кеммін.
Естен танған ұрпақ туып, шаян боп шықты.
Тәңіртекті момындықпен аян боп шықты.
Тым кәрімін, дегенменен, көкірегім жас!
Көп көрген соң, кекірейе көпіремін рас!
Мойымаған тарланыңның талда болжамын;
"Ойың болса, бойың болса, алда болғаның!
Мен әлдеде түрткі болам дүрбелендерге,
Арманыма азық болып гүлдеген елдер!
Аш болсам да, нас емеспін, демде тоямын!
Әлем қойса қасқырлықты. Мен де қоямын!"
III
Терезеден түннің лебі ессе бір әйбәт,
Болар-болмас сыбдырлардан эссе құрай жат.
Өзен шуы бұзса егер жалғыздығыңды,
Ойларыңның қарбыздарын жарғыз бүгінгі.
Қара түнде тыңға айналып, ұмыт өткенді:
Үмітсіздік сергелдеңін, үміт еткенді.
Мысқылыңды бұл түн басып, қуанышыңды,
Екі мыңдық ауасымен жуама ішіңді?!
Дінге тұнған бұл ауаны түркі де жұтқан.
Қайыр түні, мінәжәт қып, үркіме құттан.
Мейірімі Тәңіріңнің, қат, дара тіндей,
Ақ нұр болып төгіледі қап-қара түнде.
Араласа жер-суыңды құрық-қадамы,
Тәңіріңнің өз ұрпағын ұмытпағаны.
Елің әлі күркерейді ән ете жолын,
Жер мен Көктің арасына дәнекер болып.
Құс жолына қиялыңды керіп жат, кәні!
Сезесің бе, жұлдыздардың еріп жатқанын?
Сезесің бе, тұқымыңның жөні төске мұң,
Қай түпкірден, қай ғарыштан өніп өскенін?
Сезесің бе, көрмегенсіп, бағалар ымды,
Жоқтан шығып, жоққа кеткен бабаларыңды?
Түн түркінің отаны ғой, аттан арынды,
Сезесің бе, отаныңа аттанарыңды?
Миға симас болашаққа тілдей бал ашып,
Түсің бе бұл, өңің бе, әлде, білмей қаласың.
Көз ашсаң тек  таң атқан ба?  кие толы асыл,
Түннің сыйы, бір ақ нұрға ие боласың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу